COLUMBIA UNIVERSITY ARBITRATION CERTIFICATE: MASTERING ARBITRATION FROM APPOINTMENT TO AWARD

Бұл төрт күндік қарқынды, тәжірибеге бағытталған бағдарлама халықаралық төрелік туралы практикалық білімі бар және төрелік құрамының мүшесі ретінде тиімді жұмыс істеуге қажетті шешім қабылдау қабілетін, рәсімдік тәртіпті сақтау, тыңдауларды басқару және төрелік шешімдерді жазу дағдыларын жетілдіргісі келетін Қазақстандағы төрешілерге арналған.

Курсты ұйымдастырушылар: Колумбия университетінің Құқық мектебі жанындағы Халықаралық коммерциялық және инвестициялық төрелік орталығы (CICIA), Халықаралық төрелік орталығы (IAC), Коммерциялық құқықты дамыту бағдарламасы (CLDP) және Түркі төрелік қауымдастығы (TAA).

Бағдарлама сипаттамасы

Бағдарламада төрешінің қызметіне тән ерекше міндеттерге баса назар аударылады. Қатысушылар құқық нормаларының мазмұнын ғана емес, төрешінің оларды қолдану кезінде қалай шешім қабылдайтынын да қарастырады: күрделі рәсімдік өтінішхатты қалай қарау; тиімділік пен тиісті құқықтық рәсім кепілдіктері арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтау; қандай дәлелдемелердің шын мәнінде қажет екенін қалай анықтау; тыңдауды қалай әділ өткізу; төрелік құрамы аясында қалай кеңесу; істің нәтижесін айқындайтын мәселелерді қалай анықтау; сондай-ақ қабылданған шешімдерді түсінікті, уәжді және орындалуға жататын төрелік шешімде қалай тұжырымдау.

Бағдарлама қатысушыларға әдейі жоғары талап қояды. Оның мақсаты - қатысушыларды төреліктің теориялық негіздерін білумен шектелмей, кәсіби төрешілік құзыреттілікті меңгеруге жетелеу.

Төрт күндік бағдарламаның қысқаша мазмұны
Күн Негізгі тақырып Негізгі дағдылар
1-күн — Бейсенбі, 29 қазан Төрелік құрамының істі жүргізуді өз қолына алуы Төрешілерді тағайындау, құзырет, төрелік құрамын қалыптастыру, алғашқы рәсімдік кеңес, істі жүргізуді басқару
2-күн — Жұма, 30 қазан Дәлелдемелермен жұмыс және тыңдауды басқару Өтінішхаттар, дәлелдемелер, куәлар, сарапшылар, рәсімдік әділдік, тыңдауды басқару
3-күн — Сенбі, 31 қазан Іс материалдарынан шешімге дейін Төрелік құрамының кеңесуі, істің нақты мән-жайларын анықтау, құқықтық негіздеу, залалдар, шығындар, төрелік шешімнің құрылымы
4-күн — Жексенбі, 1 қараша Төрелік шешімді жазу Толық уәжді төрелік шешімді жазу бойынша практикалық тапсырма, басқа қатысушылар мен оқытушылардың талдауы, түпкілікті пысықтау
Курс туралы ақпарат және ұйымдастыру мәселелері
  • Күндері: 2026 жылғы 29 қазан, бейсенбі – 1 қараша, жексенбі.
  • Уақыты: 09:00 – 16:30, Астана уақыты бойынша.
  • Форматы: офлайн. Қатысу алдында курстың міндетті онлайн дайындық кезеңінен өту қажет.
  • Өтетін орны: Халықаралық төрелік орталығының ғимараты, Мәңгілік Ел даңғылы, 55/16, C3.1 блогы, Астана, Қазақстан.
  • Тілі: ағылшын тілі, орыс тіліне ілеспе аудармамен.
  • Қатысу құны: тегін.
  • Қатысушылар саны: 30 адаммен шектелген.
  • Тіркелудің соңғы күні: 11 қазан 2026
Курсқа қабылдау талаптары

Үміткерлер бағдарламаға қатысу талаптарына сай болуы және төрт күндік бағдарламаны, курс алдындағы міндетті онлайн дайындық кезеңін, сондай-ақ төрелік шешімді жазу бойынша қорытынды тапсырманы толық орындауға мүмкіндігі болуы тиіс.

Қатысу талаптары:

  • Қазіргі уақытта төреші ретінде қызмет атқаратын немесе алғаш рет төреші болып тағайындалуға дайындалып жүрген тәжірибелі заңгер болу.
  • Офлайн оқудың барлық төрт күніне толық қатысу.
  • Курс алдындағы міндетті онлайн дайындық кезеңін аяқтау.
  • Барлық міндетті модельдік жаттығулар мен практикалық тапсырмаларға белсенді қатысу.
Тіркелу

Қатысушылар саны 30 адаммен шектелетінін ескеріңіз. Өтінімдер қаралғаннан кейін іріктеуден өткен үміткерлермен жеке хабарласады. Осы сілтеме арқылы тіркеліңіз.Тіркелудің соңғы күні — 11 қазан 2026.

Курсқа қатысты сұрақтарыңыз болса, бізбен хабарласыңыз: